Сообщества  >   Поэзия, ғашығым қасыма алған...  >   Мақатаев көшесі. Саябақ

Мақатаев көшесі. Саябақ

rss Поэзия, ғашығым қасыма алған... 14 августа 2011
Мөлдір Махаббат*
 

<span color:="" new="" roman="" style="«font-family:" times="">1

Өтірік күлетін, өтірік жылайтын,
Жәдігөй жандарға жайың жоқ ұнайтын...
Өлеңге айналған өмірдің өзегі,
Парақтар бетінен халімді сұрайсың.

Кітаптар ашылып...
Алдымда мың сауал,
Тып-тыныш бөлмемді ауыр мұң тұмшалар.
Өлең боп сөйлеген өзімнің ауылым,
Уа, шіркін!
Қыпша бел, қыналы қырқалар...

Жоғалтқан жоғымды һәм асыл мүлкімді,
Жылқысы жусаған Аталы жұртымды.
Мәңгілік сағыныш кейпінде сөйлеткен,
О, Мұқа!
Мен сені сағынам бір түрлі...

Аспанды жаңғыртқан дауысым құмығып,
Ащы Күн аптабы бидайдай қуырып.
Көшеңді үн-түнсіз кеземін кезеріп,
Алматы. Көкбазар. Машина шуылы...

2

Көше бойлап өтіп жатыр адамдар,
Аз жүрсеңіз...
Аядай бір алаң бар.
Сол алаңда патша да емес, құл да емес,
Ақын отыр!
Қараңдар!
Ақын отыр белгісіндей киенің,
Салқын қарап,
Сәл таянып иегін.
Салқын кезең мұздатқандай жүрегін,
Салқын кезең сыздатқандай сүйегін.
Ол тас мүсін...
Жыламайды, күлмейді,
Кештеу келген марапатты білмейді.
Маң-маң басып Майгүл қызын жетелеп,
Мақатаев көшесімен жүрмейді.

Жанымды жеп сұрғылт күннің реңі,
Шұбырған ел...
Байғұс қанден үреді.
Кеше сені келеке еткен көп ақын,
Салқын бақта серуенде жүреді.

Өлмес ақын аспандаған атағы,
Бұл қалада Күн тұманға батады.
Шойын жолды тасырлатып баяғы,
Трамвайлар кетіп бара жатады.

Не жазылып, сызылмаған бұл маңдай,
Тас мүсінде табы қалған сыр бардай.
Қайран ақын Майгүл қызын сағынып,
Темір жолға әлі қарап тұрғандай...


Ырысбек Дәбей



482
  • Данияр Омар Данияр Омар 14 августа 2011, в 22:16:45
    Мұқаңды сағыну…
    ответить
Чтобы оставлять комментарии Вам необходимо войти или зарегистрироваться