Күзгі сарын

rss Поэзия, ғашығым қасыма алған... 30 августа 2011
Жанар Сейтмат
 

Аяқталды гүлдердің патшалығы,
Ақ қауыздар шашылған бақша қалды.
Тағы да бір жалғыздықты жараттты,
Жіңішкерген көлеңкесі сабақтың…

Жаз күнінен қалмағандай шаттығы,
Дала жатыр басылғандай аптығы.
Қырау шашы ағарып мына жалған,
Тыраулардан құтылып тына қалған.
Бір жапырақ теректен тұра қалған,
Ирелеңдеп тым баяу құлады алға…

Бақша ішінде жылап жүрді жел бейбақ,
Жылынбаған күнді ойлап,
Жұлынбаған гүлді ойлап.
Айтылмаған жеті сөз кеңістікте жүрді ойнап,
Ал, оларға өкініш шашып тұрды мұң-қойма…

Мен білмегем ештеңе,
Мен гүлдерді іздедім,
Күзге қарай бастады өзім басқан іздерім.
Күзге қарап жыладым,
Гүлдерімді сұрадым,
Азан-қазан күйге бір тұнып қалды құлағым.

Бекер болды ақшамда бақшаларды кезгенім,
Айналыпты шындыққа таңсәріде сезгенім,
Естірткендей әдейі пәк гүлдердің қазасын,
Тікенектер ән салды жүрегімде мазасыз.

Авторы: Ақберен Елгезек



424
Чтобы оставлять комментарии Вам необходимо войти или зарегистрироваться