Жыла жүрек!

rss Поэзия, ғашығым қасыма алған... 3 октября 2011
Мөлдір Махаббат*
 

Жыла жүрек! Тағы да жалқы, мұңлы,
Естиінші кеудемнен солқылыңды.
Арманымды аяусыз ұрлап кеткен,
Қайтейін-ай қоңыр күз алтыныңды?…

Жыла көңіл! Гүлдей боп дірілдеші…
Қалай, қалай? Тағы да күбірлеші!
Жыла, жыла, тазартшы әлемімді,
Тек менің жанарымнан білінбеші.

Жыла жаным! Шамдайын қалтырашы,
Қандай нұрмен көзімді толтырасың?!
Қандай енді арманға жалғанасың,
Қандай енді жалғанға алданасың?

Жыла көзім! Жасыңды көрсетпеші,
Жасыңды көрсетпеші, ел сөкпесін!
Мен жігітпін, ал, ішім жаралы құс,
Жасаған-ай, құсымды емдеп берші!

Жыла ақын! Ешкімге білдірмеші,
Оқымашы жырыңды, бүлдіресің.
Бар мұңынды кімге енді білдіресің,
Қай үмітке өзіңді сендіресің?

Жыла шайыр! Білдірмей кемсеңдеші,
Мына өмір ғажап де! Көркем деші.
Жыламашы, Құдай-ай, жыламашы,
Көкірегім, Құдай-ай, өртенбеші!..

Жыламашы! Ешкімді кешірмеші,
Сен әлі де Тәңірдің есіндесің!
Жылап ал да, құшақта көлеңкеңді,
Енді соны ең соңғы досым деші…

Ақберен Елгезек



742
Чтобы оставлять комментарии Вам необходимо войти или зарегистрироваться