Құс біреу емес

rss Поэзия, ғашығым қасыма алған... 28 июня 2015
Салта Дю
 

                     Құс біреу емес                                         

                                  (күнделік)                                                          


          Егіндібұлақтың көгінде «Алла-Алла»  деп сөйлейтін бір құстың пайда болғанын «Таңғажайып табиғат»  деген тақырыппен осыдан төрт жыл бұрын «Орталық Қазақстан» газетінде жариялаған едік (5 сәуір 2008 жыл, №53-54).

 2007 жылдың көктемінде басталып, одан кейін де жалғасқан, сөйлейтін мәлім де беймәлім құстардың маған көрсеткен адам нанғысыз  хикметтері жөнінде оқырманмен ой бөлісіп, «Неге?» — деген сұраққа мүмкіндігінше жауап іздегенді жөн көрдім.

22 наурыз 2007 жыл

        Наурыз мейрамын көріп қайтамын деп кеткен, біздің үйде тұратын ұлты орыс Леонид есімді адам көшеден «Алла-Алла» деп сөйлейтін бір құсты көргенін айтып келді. Жасы жетпіске таяп қалған, ақыл-есі дұрыс адам болса да сенбедім. Сондықтан мән бермедім.

25 наурыз

          Түскі астан соң тысқа шыққаным сол еді, ауладағы телефон бағанасының басында теріс қарап отырған бір құстың әлдебір дыбысының соңын естіп қалдым да қалт кідірдім. Құс көлденеңдеп бұрылды да «Алла-Алла» деп ап-анық сөйлеп, аспанға көтерілді. Мойыны ақ кішкене қара құстың кәдімгі ұзақ қарға (галка)  екенін аңғардым. Құс әлденеге қуанып кеткендей, жалғыз өзі бір шеңбер жасап, ағып ұшты. Бір рет «Алла»- деді. Төбеме жуықтап қалғанда шаншыла аспанға көтерілді. Сонда барып байқадым: шырқау биікте бір топ ұзақ сапырылысып, «қуыспақ» ойнап жүр екен. Соларға барып қосылды. Оларға тақап қалғанда бір рет «қарк»-деді.

           Менің сөйлейтін құстармен тілсіз «таныстығым» осылай басталды.

1 сәуір 2008 жыл

          «Алла-Алла» деп сөйлейтін құсты жыл өткізіп қайыра көрген соң газетке қабар бердім. Газеттегі қабардан соң жұрт сондай құсты көргендерін айтып, маған да қонырау шалып жатты.

 

Шілде

          «Алла» деп сойлейтін ала қарғаның пайда болғанын байқадым.

 

Мамыр 2009 жыл

          «Алла — Алла» деп сөйлейтін ала қарға екеу болғанын көрдім.

 

Шілде

          Өткен 2008-жылдың күзінен осы жылдың шілдесіне дейін, яғни 8 ай бойы «Алла» деп сөйлейтін алғашқы ұзақ қарғаны ұшырата алмай, мазасыздана бастадым. Әркім-әркімге қоңырау шалып, көрсе-қабарласуын өтіндім. Ешкімнен хабар болмады.

 

Шілденің ортасы.

          Таңертең үйдегі қойды айдап өріске шығатын жерге ертерек бардым. Жалғыз тұрғандықтан ба, ойыма сол құс түсіп, мазасызданып тұрдым. «Өлі ме, тірі ме?..» Бір кезде қарсымдағы, менен 45-50 қадамдай жердегі телефон сымына, бағананың басынан 2 метрдей қашықтыққа 3 ұзақ қарға келіп қонды. Не көп? Құс көп, мән бермедім. Бірақ қарсы алдымда болған соң еріксіз көріп тұрмын. Арада 4-5 минут уақыт өткенде бағананың басына тағы бір ұзақ келіп қонды. Көлденеңдеп түзелді де, «Алла-Алла» — деді. Одан соң төртеуі бірдей көтеріліп ұшып кетті. Бұл не? Ойым ойран — асыр болды… «Бармын...» деп кетті ау… Бұл құстардың арасында қандай байланыс бар? Екі бөлек келген құс неге екі бөлек ұшып кетпеді?

 

Қыркүйектің басы

          Қораның есігін ашып қойып, шығаберісте әлдебір шаруа істеп жатқам. «Алла-Алла» деген таныс дауыс дәл «құлағымның түбінен» естілді. Өте жақын болғандықтан қатты әсер етті. Қорадан шығып ештеңе көре алмадым. Мені бұрын көріп, ұшып кетсе керек. Одан соң үй жаққа барып, келген жағыма қайта қарадым. Бір кішкене құс қайыра ұшып келіп, мен шыққан қораның іргесіндегі бағанаға қонды. Әлденені түсіне алмай, аңырып тұрғанымда, манадан бері осы көріністерді үй жақтан бақылап тұрған Леонид: «- Эта же- молодая птица...» дегенде барып «есімді жидым». Расында да құс осы жазда ғана ұядан шыққан, қарғаның 2,5-3 айлық балапаны еді.

          Құс тағы да бір рет «Алла-Алла» — деді де ұшып кетті...

          Көңілде белгісіз сұрақ қалды. Егер мені көріп шошып кетсе, құс неге қайыра қайтып келіп Жаратушының атын қайталады?

 

23 наурыз 2010 жыл

          Таңертеңгі сағат 8 30. Тағы да есікті ашып қойып, қорада шаруа істеп жүргем. Таныс дауыс естілді… Сыртқа шығып, үйдің сыртқы есігінің қарсысындағы бағанада отырған қарғаны көрдім. «Сол ма, сол емес пе?» Күттірмеді.  «Алла-Алла» — деді. Мен сынау үшін батыл қарсы жүріп, үйдегі балаларыма қабарладым. Одан  соң қораға қайта барып есіктен бақылап тұрдым. Асқар есімді азамат балам шығып, тасадан қарады. Бірақ жасырынған болғанымен құс оны биіктен көріп тұрғанын сырттан мен көріп тұрмын. Кұс тағы да «Алла-Алла» — деді… Мен шаруама  кеттім.

         … Баламнан соң үйден шешесі шығып қараған екен. Ол ондай құстардың бар екеніне, тіпті біздің өзімізге сенбей жүрген адам. Оған құс екі рет қарқылдапты да ұшып кетіпті...

          Мұны түсте шайға кіргенде өзі айтты.

 

25 қыркүйек

          Жұмбақ құстар мен олардың тылсым әрекеттерін келтіріп, зерттеп-зерделейтін орнитологтар, журналис-операторлар шақырып «Орталық Қазақстан» газетіне хат жазуға отырдым. Бұл — көңілім екен. Басым- кеуек болып шықты… Шаршап, тысқа шығып, үйдің батыс жағында қыдырыстап жүрдім. Арада 4-5 минут уақыт өткенде бір қарға алдымдағы бағанаға келіп қонды да, «Алла-Алла» — деп ұшып кетті. Бұл — адасқан адамды әлдекімнің жолға салғанындай әсер етті. Қайыра жазуға отырдым. Бірақ оқиғалардың хронологиялық реттері, мезгілдері еске түспеді. Миымдағының бәрі «мидай» араласып кеткен… Тағы да шаршап, қыдырыстауға шықтым. Енді үйдің — шығыс жағында. Манағы оқиға қайыра кайталанды. 25 қадам жердегі бағанаға бір қарға келіп қонды да, «Алла-Алла» — деп Жаратушының атын атап, тағы ұшып кетті… Бойым жеңілдеп, жігер, күш-қайрат пайда болды. Бәрі де ойыма түсіп, хатты жазып шықтым. Бірақ газет баспады. Яғни сенбеді.

          Бұлар екі рет келген бір құс па, әлде бөлек екі құс па — айыра алмадым.

 

29 тамыз 2011жыл

          Жаратушының атын атап, елге сенім, рух беріп жүрген жұмбақ құстарды бейнекамераға түсіруді жергілікті оператор Төлегенов  Ернұрмен келісіп, 28 тамызға белгілеген едік. Ол күні таңертең жаңбыр жауып, жұмысты келесі күнге қалдырдық. 29 тамыз күні таңертең үйдегі қойды өріске қосатын жерге айдап тастап, сыртқы дәлізге киімімді іле бергенде «Алла-Алла» деген дауысты естідім. Құс іздетпей-ақ ауладағы бағанаға өзі келіп қонды. Ауланы тазалап жүрген Айдын деген азамат балама жұмысын тоқтата тұруды тапсырдым. Ол осы құстардың маған әртүрлі мистикалық белгілер беріп жүргеніне сенбейтін. Үйге кіріп, телефонмен операторға қабарлап, сыртқа шыға бергенімде бойымды әлдебір танырқау сезімі шарпып өтті. Құстың басы да, мойыны да жоқ… Теп-текше иығымен ғана қаздиып отыр… Ол іле көтеріліп, 200 қадамдай қашықтыққа, оператор келетін бағыттағы жерге барып қонды. Мен жаяу тақап қалғанда, одан әрі ұшып кетті. Велосипедпен жетіп келген оператор соңынан қуып кетті...

Дегенмен, телеарналарда көрсетілген, қатарынан төрт рет «Алла»-деген қарғаны таңертеңгі алакеуімде Мажитов Серғазының ауласындағы бағанадан бейнекамераға түсірудің сәті түсті...

      Манағы көріністі ойлана келе түсінгенім: құс басы мен мойынын бауырына басып алған екен. Ол осылай да бақылай алатын болса керек.   

 

4 қазан

          Кешке жақын бұзауларды айдап келейін деп өзіміздің қораның оңтүстік жағына шықтым. Менен әрі 40 қадамдай жерде биік су мұнарасы тұр. Кенет солтүстіктен жалғыз құстың биікте қатты ұшып келе жатқанын көрдім. Менің қатарыма таяп қалғанда бір рет «Алла» — деді. «Алла» деген соң менің көзім сонда ғой. Екпінімен су мұнарасының қатарынан ағып өтті де, жартылай төңкеріле, шұғыл шеңбер жасап, мұнараның мен жақ кенересіне келіп қонды. Қонды да оқтын-оқтын «Алла-Алла» — деп, басын шұлғып отырды. Ғажап, тылсым көріністі қимай оншақты минут тұрдым да, амалсыздан шаруама кеттім. Қайталанбас  құбылысты бейнекамераға түсіріп алатындай мүмкіндігім болмағанына ішім ашыды. Қайтарда қарағанымда қарға орнында жоқ болып шықты...

          Сондай қатты екпінмен ұшып бара жатқан құс неге шұғыл кері бұрылып, мұнараның бергі жағына келіп отырды? «Алла» дегісі келсе бара жатқан бағытында да атай берер еді ғой.

 

15 қазан

           Сөйлейтін құстарды бейнекамераға түсіреміз деп келген «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының жігіттері (журналис Нұрлан Аманов, оператор Бекзат Сабитұлы) біздің үйге кешкілік ат басын тіреген еді. Іңірде, пендешілігім ұстап: «...-Оларды іздеудің керегі жоқ. Біздің ойымызды қазірдің өзінде біліп қойды. Біреуі осы үйге өзі келеді» — деп айтқым келіп, өзімді-өзім сабырға шақырдым. Дегенмен журналиске: оператор түзге шықса да қолынан бейнекамерасын тастамасын. Құс ауладағы биік бағаналардың біреуіне келіп қонуы мүмкін — дедім. Дәл солай болды. Менің бұл сөзімді Нұрлан ұмытпаған болар деп ойлаймын. Ертесінде, жеңіл машинамен жайлап барлық көшелерді, ағашты жерлерді екі рет аралап шықтық. Оператор бағананың басында, ағаштың бұтағында үнсіз отырған әрбір құсты бейнекамераға алып отырды. Бірақ сөйлейтін құстарды ұшырата алмадық. Сапарларының сәтсіз болғанына өкінген журналистерді үйдің қасына түсіріп, «өз операторымды» — Ернұрды алып келуге кеткем. Біз қайтып келгенде абыр-сабырдың үстінен түстік. Қонақ оператор ауладағы биік бағананың басында отырған кішкентай құсты нысанаға алған. Жиналып қалған адамдар дегбірсізденіп, өздерімен өздері әлек.

          Құс «Алла-Алла» — деді де ұшып кетті. Көріністі қимаған екі оператор құрулы тұрған бейнекамераларын құшақтап, құстың соңынан жаяу қуып кетті...

          -Құс сіздердің соңдарыңыздан ілесе ұшып көршінің ауласына, одан бөгелместен осы бағананың басына келіп қонды — деді байқап қалған біреуі.

          Ернұрдың түсіргенімен толықтырылған осы көріністерді, журналистің жергілікті тұрғындардан алған сұхбатын 17-18 қазан күндері бірнеше телеарна жарыса көрсетті.

          Алғашқы ұзақ қарға  - «Аллаһ» — деп дыбыстайды. Бұл таңертеңгі таза ауада анық естіледі. Оны дүрбімен арнайы бақылаған Құсайынов Теміржан ақсақал да байқағанын айтты. Ал қалған төртеуі  - «Алла» деп сөйлейді. Өткен жылы телеэкраннан көрген, жалтақтап тұрған, Жаратушының атын атаған кішкентай құс-қарғаның сол жазда шыққан балапаны. Ол-мүмкін періште болар...

          Атеистік үгіт бізді — құдай жоқ, аруақ-өтірік деп сендіріп жүргенде, шетелдерде олар туралы әлденеше ондаған кітаптар жазылып, аруақтардың адам өзі тіршілігінде көп өмір сүрген жерлерін, үлкен ғимараттарды мекендейтінін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Бұл құстардың да кездейсоқ еместігін түйсінемін. Күйзелген елді көріп, Балқантауды мекендеп жүрген Ұлы баба аруағы да күйзеледі-ау деген ойға келемін.

          Жасым 74-те. Көптің бірі болып Қазыбек би ауданының да жабылып, ұлы адамның өз елінде атын өшіріп, иісі қазақтың ұятқа қалғанын 14 жылдан бері Президенттің атына, Үкіметке, әртүрлі тараптарға жазып келемін. Ұлы бабаның есімін жиі атаймын, қағазға түсіремін. Осы бір беймәлім құстардың тілсіз ымбаларынан маған сенім, күш-жігер беріп, «жазуға» итермелейтінін ұқтым.

          Танымдық Тылсым газетінде («Алла» деп қарқылдайтын қарға», №24 (253), желтоқсан 2011 жыл) бұл құбылысқа жаңсақ түсінік берілген. Сонда «Алла» деген сөз құстың (қарғаның) қарқылы болғаны ма? Тотықұс «Алла» деп сөйлесе, оны да қарқылдады деуіміз керек пе?

          Бұл құстар 14 шақырым жердегі Қаракөл, 60 шақырым қашықтықтағы Айнабұлақ елдімекендеріне де барып, Алланың атымен қамкөңіл халықтың рухын сілкіп, шарапатын таратып жүр.

         … Олар биыл да ұя салды...                      

                                                                                    Қайыр Рахметуллин

                    3.06.2012 жыл                                         

                    

P.S...Өткен  2012 жылы екі ұядан нысаналы екі балапан шықты.

      Оның алғашқысын мамырдың соңғы күні таңертең, өріске мал қосып келе жатып Ақын келіні,  Жұмажан есімді әйел екеуміз көрдік. Қарғаның кішкентай балапаны Бекмағамбетов Қайыркеннің үйінің алдынан өтетін биіктегі  электр сымында отырып Жаратушының атын екі рет анық айтты. Біз сол маңайда бір құс ұя салған -ау деп сөз еттік. Сұрастыра келгенде, Қайыркеннің зайыбы Рымжан құдағи сол үйдің ауласындағы ағашқа  «Алла-Алла»  деп сөйлейтін бір құс ұя салғанын растады. Бірақ ұядан не шығып жатқанын қарауға мұрша жоқ — деді.

        Келесі күні Тукетаев  Абзал деген жігіттің  айтуы бойынша Өрт сөндіру депосының жанындағы биік ағашқа салған ұяны бақылауға шықтым. Оған жетпей, дәл алдымдағы жапырағы қалың бір ағаштың басынан құстың «Алла-Алла» деген дауысын естіп, құлаған құрылыстың жиегіне отыра кеттім. Сәлден соң жерге ілгері-кейінді қарғаның төрт балапаны түсті де, шөптің арасынан шоқитын қорек іздей бастады. Бір кезде ырзығын іздеп жүрген біреуі басын көтеріп «Алла-Алла» — деді де, қайыра «тіршілігіне» кірісті… Мен олардың шырқын бұзбайын деп шегіне-шегіне, ұзап барып, бойымды тіктедім...

         Оның ертеңінде көшеден келе жатып, кешегі төрт балапанның сол маңайдағы Жұмабеков Алмаздың үйінің ауласындағы аласа ағаштардың басында жүргенін көрдім. Біреуі «Алл-Алла» деген соң тағы да бақылап тұрып қалдым. Жаңада ғана жүруді үйреніп, аяғы шыққан бала тәрізді, олар да бұтақтан бұтаққа ұшып-қонып, барқылдап, өз бетінше ұша алатынына «мәз» болатындарын байқадым. Маңайда жүрген иттерді көріп, еріксіз есік қақтым. Үйден шыққан келін балаға балапандардың біреуінің нысаналы екенін айтып, иттен, мысықтан байқай жүруін өтіндім. Мен түсіндіріп болғанша олар ширақ көтеріліп, ұшып кетті. Олардың ит пен мысықтың тырнағына ілікпейтініне сеніп, көңілім орнығып қайттым.

… Биыл екі үйдің ауласында «сөйлейтін» екі ұябасар (ала қарға) балапан шығарды. Бірақ балапандар қанаттанып әзірге жерге түскен жоқ. Олардың ішінен не шығатынын уақыт көрсетеді.

                                                                                  

                                                                                          31.05.2013 жыл.

          Бұл күнделікті 2011 жылы жерлес жас журналис жігіт газетке бастырамын деп сұрап алдырған болатын. Неге екені белгісіз, «Халық сөзі» газеті күнделіктің сыйқын кетіріп, бұрмалап, күнілгері бір-ақ құсқа айналдырып, бүлдіріп берді («Алла» дейтін қарға бар Балқантауда...» 06.07.2012 ж. №53(197).

          Өздерінде жұмыс істейтін жас журналистің «көңілі үшін» амалсыздан басқан болуы керек.

          Дұрысы — баспай-ақ қою керек еді.

          Бір елдімекенде «Алла» деп сөйлейтін жеті бірдей құстың пайда болуы — ғасырларда бір кездесетін, немесе мүлдем кездеспейтін құбылыс. Ал олардың Қазыбек бидің дағдарып қалған елінде пайда болуы тегін бе?

 

P.S. Өткен  2013 жылғы көктем суық әрі ұзақ болып, балапандар (қарғаның) әлсіреп, рахитқа шалдығып шықты. Шыққандары ұядан жерге түсе алмай, түскендері ұша алмай жүрді. Тоғай жақтан да басы үлкен, аяғы ұзын, денесі кіп-кішкентай «жарасымсыз» құстардың да бір-бірлеп «жаяу» келіп жатқанын балалар жарыса хабарлап тұрды. Көшеде ауру құстардың көбейіп кеткенін әркім-әркім сөз қылды.

          Сөйлейтін екі ұябасар қарғаның біреуі Қапашев Дәуреннің ауласына ұя салған еді. Ол біздің өріске мал қосатын жеріміз болғандықтан күнделікті бақылап жүрдім. Ұяда жатып күнде сағат таңертеңгі жетілер шамасында бір рет қана «Алла-Алла» дейді. Мұны үй иесі де байқап жүріпті. Ұядан екі балапан шықты — деді. Бірақ бұл жылы елдімекенде «Алла» деп сөйлейтін бір де бір нысаналы балапан қосылмады.

          Жалпы «Алла» деп сөйлейтін құстар Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап жатқан тәрізді. Өткен жылы сондай бір құстың оңтүстіктің бір ауданында пайда болғанын ұзынқұлақтан естідім. Ал Айдын деген балам наурызда Қарағанды қаласы, Құрылысшылар даңғылының сыртындағы ағаштардың ішінен құстың «Алла-Алла» деген дауысын естігенін айтып келді.

      … Биылғы наурызда біздің көшеге «Алла» деп сөйлейтін екі құс келген еді. Бірақ содан бері дауыстары естілмей кетті. Бір жерлерде ұя басып жатқан болулары керек.

 

6.05.2014 жыл

P.S.… Сонымен, Егіндібұлақтағы мен көрген, «Алла» деп сөйлейтін құстардың ұзын саны – жетіге тоқтады. Бір — ұзақ, алты — қарға.

Бір елдімекенде Жаратушының атын атайтын сонша құстың пайда болғанына күмән келтірушілер де бар. Ол үшін нысаналы құстарға көңіл аударып, бақылау қажет. Рамазанов Манаш есімді жас жігіт (агротехникалық колледждің мұғалімі) бір көшенің бойынан «сөйлейтін» қарғаның  үшеуін көріп, қалта телефонының бейнекамерасына түсіріп алған. Мен өзім де көшенің екі жағындағы ағаштардан үшеуін көріп, келесі көшеден төртіншісінің дауысын анық естіп тұрған кезім болды. Ал «Алла» деп сөйлейтін құстардың ұзын санын – біртіндеп қосып отырып шығардым. Олардың бір ерекшілігі – көбінесе жалғыз жүреді. Екеуінің қатар отырғанын бір де бір рет көрген емеспін.

Қазақстан-Қарағанды телеарнасының журналис-түсірушілері келетін болған соң сұрау салғанымда (13.10.2011 жыл) Исина Айжамал (агротехникалық колледждің қызметкері) алғашқы ұзақ қарғаны осы жазда көргенін айтты. «Үш қабатты аурухананың жоғарғы кенересінде «Алла-Алла» деп дыбыстап отырды. Сөйлейтін құстар – қарға деуші еді, мынау басқа құс қой – деп ойладым» — деді. Айжамал — 2007 жылы наурызда келген осы құсты Егіндібұлақтан соңғы көрген адам. Ал колледждің программист –мұғалімі Асхат Кәріпжанов «Алла» — деп, Жаратушының атын атайтын ұзақтың Арабияның бір елінде пайда болғанын теледидардан көрдім – деді. Алғаш бізге келген періште — құс, тылсым иесі – соңда барды ма?

      … Осы көктемде Егіндібұлаққа келген, «Алла» деп сөйлейтін екі құстың біреуінің Оңғарбай өлкесінде жүргенін малдың кезегіне барған адамдар айтып жүрді. Қазірде екеуі де ауылға оралды. Бірақ бұрынғыдай біздің үйге келмейтін болды. Бәлкім олар өз «миссиясын» аяқтаған болар. Елде қандай да бір өзгеріс болатындай күй кешіп, әлдебір үміт дегбірімді қашырып тұрады.

                  

           

           10.09.2014 жыл                                             Қайыр Рахметуллин

                                              

                                                                                 100810 Қарағанды облысы

                                                                    Қарқаралы ауданы 

                                                                      Егіндібұлақ селосы

                                                                     О.Жакешов к-сі,35 



302
Чтобы оставлять комментарии Вам необходимо войти или зарегистрироваться