Сообщества  >   ФУТБОЛ И КТО ЕГО ОБОЖАЮТ  >   Футболдағы ырымдар

Футболдағы ырымдар

rss ФУТБОЛ И КТО ЕГО  ОБОЖАЮТ 9 октября 2010
Галия Сериккызы
 

Футболды команда түрінде ойнауды ең бірінші ацтектер ойлап тапқан. Мұнымен қоса «футбол дуасының» да дәл солармен бірге ортаға шыққаны айтылады.

Ацтектер заманында футболда жеңілген жақ кезекті сәтсіздікке ұшырамас үшін, Күнге құрбан еткен көрінеді. Футбол ережелерінің қазірге жақын нұсқасының орнығуы және көпшілікті соңына ертуі, ХІХ ғасырға сәйкес келеді. Футболдың дамуымен бірге «футбол дуасы немесе сиқыры» да жандана түседі. Бұл туралы уругвайлық жазушы Эдуардо Галеаноның «Көлеңкеде және Күндегі футбол» кітабында да айтылған.

Өзінің ырымымен футбол тарихы жайлы әдебиетке ең алғаш енген аяқдопшы, Уругвайдың ұлттық құрамасының жұлдызы, Адемар Ганавесии. 1928 жылғы Олимпиада ойындарында өзінің командасына сәтсіздік әкеледі деп ол Аргентинаға қарсы ойналатын матчқа шығудан бас тартады. Өйткені қашан Аргентинамен ойнамасын, таразы басы сол жаққа ауып кететін көрінеді. Ал Амстердамда ол ойнамаған матчта не болды? Әрине, Уругвай жеңіске жетті.
Ендігі бір мистикалық оқиға Бразилияның аңызға айналған футбол алыбы «Васко да Гамаға» қатысты. 1937 жылы «Васко да Гама» «Андараи» клубымен ойнаған ойында 12:0 мен ойсырата жеңеді. Бұған кәдімгідей қамыққан «Андараидың» бір жанкүйері аузы тігілген өлі құрбақаны «Көкте Тәңірінің бар екені рас болса, «Васко да Гама» бізге қанша гол салса, сонша жыл жеңіске жете алмасын» деген бейдуасымен «Васко да Гаманың» стадионына көмеді. Бұл оқиғадан хабардар болғаннан кейін клуб жетекшілері құрбақаны іздеп, алаңды шұрқ-тесік етеді. Алайда нәтиже өзгере қоймайды. Тек он бір жыл өткен соң ғана аталмыш клуб чемпиондыққа қол жеткізеді. Дуаның «күші жойылуға» тура бір жыл қалған да чемпиондық тәжін киген клубтың басшысы болса, «Тәңірі бір жыл жазамызды кешірді» деген көрінеді.
Футбол дуасы тек Латын Америкасын ғана шайқалтты десек өтірік болар еді. Сиқыр кәрі құрлыққа да, өз дегенін жасатты. Атақты «Реал» клубы да 50 жылдары чемпиондықтың жүзін көре алмай, арманда қалады. Бұл сәтсіздіктің себебі, алаңның ортасына көмілген сарымсақ екені кейіннен белгілі болады.
Футбол алаңының сыртындағы дуа оқиғаларының көп ұшырасатын жері де, Әлем чемпионаты екен. 1986 және 1990 жылғы Әлем чемпионатында Аргентина командасының техникалық директоры «Тауық жесе сәтсіздікке ұшырайды» деп өз футболшыларына тыйым салып, сиыр етін жеуге  шешім шығарған екен. 1986 жылы олар кубокты иеленеді. Бірақ 1990 жылы жеңіліске ұшырайды… Бұл тауық етінің кесірі ме, әлде Марадонаның үстіндегі  дуа ма, ол жағы белгісіз…
Әлем кубогында сиқыр­шылықты шырқау шыңына жеткізгендер, әлбетте қара құрлық командалары. Африка­лықтар үшін қара магия дегеніңіз әдеттегі, күнделікті іс сияқты, ондап емес, жүздеп жасалатын көрінеді. Солардың бірі – гол соғылмас үшін қақпаның тіреулеріне хайуан өлігін көму. Сондай-ақ, Камерунмен ойында 3:0 есебімен жеңілген Мали жеңілісінің себебін қарсылас команда жаттықтырушысы Нконoның сиқыршы болуынан деп санап, сотқа дейін барғаны көп оқиғаның бірі ғана.
2002 жылы медияны, әсіресе француз медиясын абдыратқан вуду сиқыры Франция мен ескі отары Сенегалдың арасындағы матчта жасалды. Сенегалдық дуашылар федерация тарапынан Кореяға жөнелтіледі. Бір сенегалдық сиқыршы экранның алдында бір тауықтың аяғын сындырады, онан соң біраз дұғалар оқиды. Нәтижесінде матчтан бір күн бұрын Зидан сол аяғынан жараланады және Сенегал жеңіске жетеді. Сенегалдың футболдағы бағы Түркиямен ойнағанға дейін жанады. Алайда түріктердің «сүбханалласы» мен тәспихы дуадан күштірек шығып, «өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығадының» керін келтіреді.
Зимбавенің «Мидландс Портлэнд Цемент» командасының жаттықтырушысы аяқдопшыларын жағымсыз рухтан арылсын деп, оларды қолтырауын толы Замбези өзеніне шомылдырады. Өзенге кіргенде футболшылардың саны он жеті болса, шыққанда біреуге кемиді. Алайда өкініштісі сол, матчта да жеңіліс табады, түрікшеден сөзбе-сөз аударсақ, «матчты жоғалтады». Һәм матчты, һәм бір футболшысын жоғалтқан «Мидландс Портлэнд Цемент» бұл үлкен сабақ болған шығар. Мұнан соң ол ырымның қайталанғаны жайлы ақпарат тіркелмепті. Ал қолтырауынға жем болған аяқдопшы бәлки «футбол шейіті» саналар…
Командалық футболдағы мистиканы осымен доғарып, жекелеген футболшылардың ырымдарына келелік. «Фенербаченің» бұрынғы жұлдызы Роберто Карлос спорттық киімін астынан кесуді әдетке айналдырған көрінеді. «Реал Мадрид» пен Бразилиядан кейін өз формасының кесілгеніне «Фенербахченің» де әкімшілігі қазір таңғалуды қойды. Дәл осы команданың дәл сол мемлекеттен келген жұлдыздары Алекс және Дэвид алаңға шыққанда үш мәрте секірсе, Хаджи гетрасының астын кесетіні бар көрінеді. «Галатасарайдың» ұмытылмайтындарының бірі Хакан Шүкір капитан кезінде мәжбүрлікпен алаңға бірінші шыққанымен, былайғы кездерде ең соңғы болып шығуды қалайды екен. Джек Чарльтон киім ауыстыратын бөлмеден ең соңы шығуды әдетке айналдырса, Пол Инс «Ливерпуль» королі Кевин Киган секілді формасын бәрінен кеш киеді екен.
Фрэнк Лэмпард алаңға оң аяқпен шығуды  және шыққаннан бұрын үнемі бір әуенді тыңдауды сәттілік әкеледі деп сенеді. «Манчестер Юнайтедтің» беломыртқасы Рио Фердинанд киім ауыстыратын жерден алаңға шығарда табыс үшін деп үстіне бір стакан су құяды екен. Адриан Муту болса, жейдесін теріс киеді.
Аргентина қақпашысы Гойкочеа кезінде тіпті кіші қажеттілігін футбол алаңында өтейтін болған. Бұл да ырым. Қарсыластың добына тойтарыс үшін дейтін көрінеді өзі. Ал Ливерпульдік Девид Фейклаб матчтан бұрын қолдарын төрт мәрте жуса, Франция аяқдопшысы Лоран Блан Фабъен Бартездің таз басын бір рет сүйеді екен. Эйдур Гудьонсен ойын алдында дәретханаға кіріп, қарсылас қақпасына қанша гол соғуды жоспарласа, сонша рет футболкасын сүйеді екен.
Роман Павлюченко алаңға кірмес бұрын жасыл алаңды бір рет сипап, сосын шоқынады екен. Әрбір голдан кейін неке сақинасы тұратын саусағын сүйеді. Базбір ойыншылар мен жаттықтырушылар матчқа дейін біреуге қарыз беруді және алуды жаман ырым санайды. Соның бірі – Василий Березуцкий.
Қақпашыға қатысты ырым дегенде ең алдымен Ринат Дасаевтың аты ауызға алынады. Ол неміс голкипері сыйлаған қолғабын ылғи қақпаға қояды, осылайша «қақпаны екі қолдап емес, төрт қолдап қорғайды-мыс».
Ойын күні киім ауыстыратын бөлмеде ысқырмау аяқдопшылардың жазылмаған заңы.
Дмитрий Сычев пен Сергей Семак ойыннан бұрын сақал-мұртын алмайды екен.
Сәттілік әкелген формасы мен аяқкиімін ауыстырмай кию де аяқдопшылардың әрбір бесіншісінде кездесетін ырым десек қателеспейміз. Сондай-ақ жаңа форма киіп шығу табыссыздық әкеледі, ол форма ең құрығанда бір мәрте жаттығуға болса да киілген болуы керек. Дәл осы ырымға қырын қарап, сан соғып қалған да бар көрінеді. Киев «Динамосының» қақпашысы Александр Шовковский матчқа жаңа қолғаппен шығып (қолғап болғанда да Sasho фирмасының қолғабы, оның аты мен лақап атының басқы буындарынан құралған), қақпаға екі жауапсыз гол жіберген.
Мұндай ырымдардан біздің елдің футболшылары мен бапкерлері де кемде емес. Мәселен, Қазақ футболында ерекше орын алатын бапкер Ваит Талғаев бірінші таймның арасында шешінетін бөлмеге бару үшін жасыл алаңды баспай, айналып өтеді. Белгілі жаттықтырушы бұл ырымын киелі футбол алаңына бапкер аяқ баспайды деген қағидадан алса керек. Сонымен бірге кезінде Нальчиктің «Спартагынан» «Жеңіске» ауысып келген Владимир Гуртуев әрбір гол ұрғаннан кейін, үш айналып сальто жасайтын. Астаналық жанкүйерлерді өзінің керемет өнерімен тәнті қылған шабуылшы, сальто жасамаса өзін келер жолы гол ұрмайтындай сезінеді екен.
Қалай десек те, дінге томпақ келгенімен психологтар футболдағы ырымдардың пайдалы екенін, аяқдопшылардың стресстен қорғанып, өздерін жайлы сезінуіне жағдай жасайтындығын айтады.



522
  • Қуат Беркінбай Қуат Беркінбай 10 октября 2010, в 16:18:49
    бәрі шындап келгенде далбаса нәрсе болғанымен футболшыларға белгілі бір дәрежеде ынталандыру мен сенімділік туғызатын болса керек…
    ответить
  • *M*i*S*s* *P*o*Z*i*T*i*V* *M*i*S*s* *P*o*Z*i*T*i*V* 15 октября 2010, в 11:00:31
    ЖАКСЫ… ЖАЗЫЛГАН… АКПАРАТТАР… ТАГЫ… ДА… ОСЫНДАЙ… МАГЛҰМАТТАР… КОССАН… РИЗА… БОЛАР… ЕДИМ!!!.. РАХМЕТ
    ответить
    • Галия Сериккызы Галия Сериккызы 15 октября 2010, в 14:37:02
      ulken rahmet! aldagy uakytta jazamyn. kanday futbolshylar jaıly okygylarynyz keletını jonynde ,,podskazka,, jasasanyzdar tıpten jaksy
      ответить
Чтобы оставлять комментарии Вам необходимо войти или зарегистрироваться