Сообщества  >   Алланың барына сенейік, ағайын!!!  >   Арман Бердалин. Мен - мұсылманмын!

Арман Бердалин. Мен - мұсылманмын!

rss Алланың барына сенейік, ағайын!!! 10 августа 2010
Айя *****
 

Мен – мұсылманмын!
(диолог)


Мен:
Мұсылмансың ба?

Ол:
Иә!

Мен:
Дәлелің қандай?

Ол:
Сұрағыңа жауап болса керегі,
Сөзімнің бар дәлелі мен дерегі.
Мұсылманмын!
Мұсылман боп туғанмын,
Қазақпын ғой себебі...

Мен:
Өрісіңнің таныттың-ау тарлығын,
Мен ашайын саған сырдың сандығын.
Қанша қазақ сектада жүр секеңдеп,
Әркімдердің жиып-теріп қалдығын.
Қаншасы жүр дінін сатып шоқынып,
Аллаға емес, попқа шағып зар-мұңын.
Осыдан соң қалай ғана атайсың,
Мұсылман деп қазақтардың барлығын.

Ол:
Мұныңызды дұрыс дейік, жарайды,
Көріп жүрміз дінін сатқан талайды.
Мен бірақта тұмар тағып жүрмін ғой,
Шариғатта бұған қалай қарайды?

Мен:
Пенде байғұс жұмақты ойлап жүдесе,
Жүрегіне тыныштықты тілесе.
Тұмардағы жазылғанды одан да,
Жаттағаны пайдалы ғой мың есе.

Ақ аятпен жуып-шайып арыңды,
Айтар болсаң Аллаға айт зарыңды.
Қара бұлттай қайғы төнсе басыңа, 
Алла ғана сақтап қалар жаныңды.
Ол:
Деп ойлаушы ем тұмар мені қорғайды,
Сөйтсем оның еш пайдасы болмайды.
Бірақтағы қайғы төнсе басыма,
Аруағы бабалардың қолдайды.

Мен:
Талайлардың аруақ боп ұраны,
Түзу жолды теріс жаққа бұрады.
Керісінше аруақтар дәметіп,
Тірілерден дұға тілеп тұрады.

Мұның бәрін түсінеді өр пенде,
Маңдайдағы қос шырағы сөнгенде.
Тірлігіңде қол ұшыңды созбасаң,
Ешкімге де пайдаң тимес өлгенде.

Ол:
Бұл сөзіңіз ой салып тұр не түрлі,
Істерімнің бәрі бекер секілді.
Е, айтпақшы, дастарханнан тұрарда,
Бата оқып сипаймын ғой бетімді.

Мен:
Сипағаннан пайда бар ма құр бетті,
Ол адамға емес онша міндетті.
Сен Құдайға жаққың келсе шынымен,
Құлшылықпен көрсеткейсің құрметті.

Саған басқа жол көрсеткім келеді,
Оны істеу парыз емес, себебі.
Парыз болса Пайғамбары ғаламның,
Күндіз-түні бет сипаңдар дер еді.

Ол:
Айтқан сөзді құйып алмай құлаққа,
Бұған дейін жүріппін ғой жырақта.
Не істейін жету үшін мұратқа?..
Не істейін кіру үшін жұмаққа?!.

Мен:
Тірі жанға еш қиянат қылмастан,
Күндіз-түні намаз оқы тынбастан.
Сауап емес, алтын болып жиғаны,
Талайлардың жүрген ізін құм басқан.
Намаз оқы десең рахат күй кешем,
Өзіңді өзің дұрыс жолға сүйресең.
Жерде жатқан жеміс жетпес аузыңа,
Иықтағы өр басыңды имесең.

Ол:
Сезу үшін қос дүниенің бақытын,
Мен жинар ем сауаптың ең жаһұтын.
Бірақ… бірақ күндіз-түні жұмыстан,
Құлшылыққа жетпейді ғой уақытым.

Мен:
Енді бұған басқа жақтан қараңыз,
Уақыт жетер, жетсе соған шамаңыз.
Шаруамыз бастан асып жатса да,
Шай ішуге жарты сағат табамыз.

Уақыт жоқ деп жұрттың бәрі шарқ ұрар,
Тіршілікте сәт табылмас жан тынар.
Құлшылыққа қимағанмен түбінде,
Уақытыңның уақыты сарқылар.

Ол:
Алдыменен шығып биік белеске,
Іс бітірсем сақтайтындай ел есте.
Алпыс жасқа толғаннан соң намазға,
Жығылсам да кеш болмайды емес пе.

Мен:
Осындай ой келгенімен талайға,
Талайлары жете алмады алайда.
Әзірейіл жаныңды алам деп келсе,
Сенің жасың, түр-түсіңе қарай ма?

Алпыс деген қадірлі жас расында,
Ағарады сақал, мұртың, шашың да.
Өкініштің болмайды ма көкесі,
Өліп кетсең 59 жасыңда.

Ол:
Әркім татар жәннат бақтың жемісін,
Айыра алса жолдың оң мен терісін.
Жұртпен бірге жұма намаз оқимын,
Соның өзі жетпейді ме мен үшін?..

Мен:
Раббысына болса егер кім ғашық,
Сауап іздеп кетер еді қыр асып.
Жұмасына бір-ақ рет жуынсаң,
Тәніңізді кетпейді ме кір басып.

Әр сәтіңе жауап берер күн келер,
Сонда саған қолдың ұшын кім берер.
Бес уақыт жасамасақ құлшылық,
Тән түгілі жаныңыз да кірленер.

Ол:
Кешір Алла!
Бос күлкімен босқа өткен күнімді,
Зікірі жоқ, шүкірі жоқ түнімді.
Жеңілдетіп иықтағы жүгімді,
Кәлимаға келтірейін тілімді.

Мен:
Мұсылмансың ба?

Ол:
Әлхамдулиллаһ!

Мен:
Дәлелің қандай?

Ол:
Лә-иллаһа-илаллаһ,
Мұхаммед расулаллаһ!  
 



1074
  • Сffffff fffffff Сffffff fffffff 12 августа 2010, в 15:02:29
    Машаллах. Аллах оган разы болсын!!!
    ответить
  • Жұлдызша *** Жұлдызша *** 12 августа 2010, в 17:09:43
    Расында керемет жазылған өлең екен, бір ғана шумақтың өзінде ақиқаттың дәмі бар, бұл өлеңнің авторы кім екен? білуге бола ма?
    ответить
  • Жұлдызша *** Жұлдызша *** 12 августа 2010, в 17:11:26
    Кешірім сұраймын, авторының аты-жөнін байқамай қалдым…
    ответить
  • Ержан Алиев Ержан Алиев 19 октября 2010, в 14:03:42
    машалла, авторын кім айтады
    Аллаһ оған және сізгеде разы болсын
    ответить
Чтобы оставлять комментарии Вам необходимо войти или зарегистрироваться