Сообщества  >   АРҒЫН  >   Қайнарым менің қайнарбұлағым

Қайнарым менің қайнарбұлағым

rss АРҒЫН 9 августа 2010
Дархан Серикболов
 

 

Қайнарым менің қайнарым

Өткізген сенде айларым

Жастығым өтті өзіңде

Өмірдің ол бір қаймағы

 

Өзіңде тамды кіндік қан

Балаңмын бір жырды ұққан

Қаншама байтақ құрлықтан

(Болмайды артық бұйрықтан)

Бұйырған маған Қайнарым

 

Қайнарым қайнарбұлағым

Ылдилап таудан құладың

Жүректен шыққан балаңның

Жеткізші елге бұл әнін

Сен сумен, ал мен өлеңмен

Қандырсақ елдің құмарын

 

Қайнарым туған ауылым

Мекендеп таудың бауырын

Мұқият тыңда бауырым

Ағаттық көрме қауымым

Осы бір өлең жолында

Өлеңге қоссам тау ұлың

 

Таулық деп мені мұқаңдай

Жіберсе маған күш арнай

Биікке самғап ұшардай

Халқымды жырмен құшардай

 

Қайнарым туған мекенім

Сағынудың білем не екенін

Мен емес сенің көкегің

Мен емес сенің бөтенің

Өлгенше осы туған жер

Мен сені сүйіп өтемін

 

Абыралы тауы бұл жақта

Хан тәңірінің інісі

«Таулық» деп қойған құжатқа

Мұқаңның мен бір тынысы

 

Тауларым қолын бұлғасқан

Мұқаңмен түнде сырласқам

Тұнжырап маған түнгі аспан

Өзіме қайта оралдым

Басқаға көңіл бұрмастан

 

Мынау ғой Тоқа Тұмсығы

Бар еді оның бір сыры

Сипамай өтсең бетіңді

Шалады оның қыр сыры

Демегін бала былшылы

Ахметтің онда  бейті  бар

Тарихтың  айтқан   бұл  шыны

 

Қалыбай, Ақтас, Жосалы

Жерімнің  жоқ  қой  осалы

Жамбылда  жүріп сағынып

Келгенде  көңілім  босады,

Ол  да бір менің  әкемдей

Сірә  да ұлын  тосады

 

Балалық  бақыт-  кім  білген

Алмасып  жатыр күн  түнмен

Шың Қожамен  Сүтбайдан

Теруші  едік   бүлдірген

Жегенін  жеп ал тергенді

Жеткізбей  үйге  үлгерген

 

Осында  болған  ұста  деп

Әкем  бір жерді  нұсқап  ед

Станса  деген  жер  ғой бұл

Қалмақтас деген  Атажұрт

Ескертті  мида  ұста  деп !

 

Житнягі- шөбі, жемге тең

Көкшетау, Сөрелі, Меңдекем

Жаз айы  болса  шөп  шауып

Екі-үш  жыл  менде  терлегем

Әр  сайы  бұлақ бұндай  жер

Әлемде  сірә  кемде-кем

 

Жалғасып  бір  тау  бір  тауға

(Мақтану  деген  сылтау  ма ?)

Жаз  жайлау  барып  қонушы  ед

Мейзекпен  сонау  Тұлпарға

Малдарын  әбден   семіртіп

Қайтушы  ед  жауған  бір  қарда

 

Бақдәулетпенен  Ақдалам

Көгінде  құстар самғаған

Осы  бір  байтақ жазықты

Бөкендер  жазда  шарлаған

 

Балалық  шағым  базар  шақ

Достарым  келіп  мазамды  ап

Шомылуға  сосын алысқа

Баратын  жерім  Қазанғап

Би  атам  дейтін  анашым

Кешірер  мені  нағашым

Айтқанға  атын  азан  сап

 

Ыстық  қой  маған  әр  тауың, тіпті  әр  төбең

Ойласам  сені  кетеді  кейде  ой   терең

Қасырет  тарттың, өтті  ғой  бастан  не  заман

Өссінші  енді,  тұрсыншы  биік  мәртебең

 

Бақытты  күн  боп  көрейік  келер  шақты  аман

Туған  жер  жұмсақ  құласақ  әр  кез  мақтаған

Өзіңде  тудым  көшеңді  талай  таптағам

Білемін  көп  қой «Қайнар»деп  қойған  атта  мән

Қымбатсың  маған,  ауылым  саған  мың  тағзым

Қайнарлық  болып  туғанға   мәңгі  мақтанам!

Автор: Талап Сағындық



269
Чтобы оставлять комментарии Вам необходимо войти или зарегистрироваться