Сообщества  >   Өнер адамдарымен болған сырлы сұхбат, әсерлі әңгіме!  >   Еркін Нұржановпен болған сұхбат!

Еркін Нұржановпен болған сұхбат!

rss Өнер адамдарымен болған сырлы сұхбат, әсерлі әңгіме! 19 сентября 2010
Argyn
 

 


Еркін, әңгімемізді иман аясында өрбітпес бұрын, алдымен өзіңіз жайлы айтсаңыз? Қай жерде дүниеге келдіңіз, отбасыңызда қанша адамсыздар?

— Иншаллаһ! Мен, Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар елді мекенінде қарапайым отбасында дүниеге келдім. Отбасымда әкем, анам, қарындасым және өзіммін. Он бір жыл мектепті бітіріп, Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетіне оқуға түстім. Сол оқу ордада 3-курс оқып жүріп Аллаһ нәсіп етіп, Алматыға келдім. Қазір Алматыдамын.



— Еркін, «Аллаһ Тағала иманды тек қана сүйген құлына ғана береді» — дейді ғой, Аллаһқа шүкір сіз де сол иманның аясында жүрсіз. Имандылыққа келіп, маңдайыңыз сәждеген тигеніне қанша уақыт болды?


— Сіз қойған сұрақты, мен де бір кісілерге қойған болатынмын. Сонда Астанадағы Мақсат деген ағамның айтқан керемет сөзі әлі есімде. «Еркін, есіңде болсын, намазды қай күннен бастап оқыдың десе, Аллаһ нәсіп еткен күннен бастап оқыдым де!» — деген еді. Сол айтпақшы Аллаһ нәсіп еткен күннен бастап оқып жатырмын.


— Машаллаһ! Сол ұлы ғибадат намазға жығылуыңызға белгілі себептер болды ма?


— Әрине, Аллаһтың қалауымен себептер болды. Ең басты себеп ол өзімнің әкем. Ол кісілер совет үкіметінің кезіндегі кісілер ғой. Исламнан сәл алшақ тәрбиеленген. Өзімнен кейінгі қарындасым болатын, Раушан деген. Сол қарындасым он үш жасында көлік апатынан қайтыс болды. Ол кезде мен он бес жасар бала едім. Содан бастап үйде Құран оқылып тұрды, жалпы дінге деген көзқарас сол кезден өзгере бастады. Оның алдында әкем бір газеттің ішінен «Фатиха» сүресімен, «Ықылас» сүресін тауып алып, маған: «Жаттап ал!» — деп берген. Оны жаттап алдым, бірақ қай жерде оқу керектігінен бейхабар едім. Содан бір күні ауылда ағалармен бірге көршінің үйіне айттап шықтық. Ас ішіп болғаннан соң бізге: «Құран оқымайсыңдар ма?» — деді. Қасымдағылар сасып бір-біріне қарап: «Kім оқиды, кім оқиды?» — деп жатты. «Менің енді жаттағаным бар, Білгенімді оқиын» — деген едім. Олар қуанып: «Оқи ғой айналайын» — деді. Сол ағаларымыз: «Біз Құран білмейміз, мына қаршадай бала Құран біледі» — деп, айтып жатты. Ол да Аллаһтың берген бір нәсібі шығар, содан бастап Құранға деген махаббатым ашылды. Аллаһқа шүкір деймін, әкемнің сол Құранды жаттатқанына. Одан кейінгі себеп, Нәби бауырымыз екеуміздің көлік апатына ұшырағанымыз. Ол да бір үлкен себеп болды. Жарты сағат бұрын көз алдымда ойнап күліп отырған бала, жарты сағаттан соң Аллаһтың қалауымен көз жұмып, о дүниелік болып кетті. «Ажал ешқашан да айтып келмейді» — деп жатады, осының барлығы -барлығы менің иманға келуіме себеп болды деп айтсақ болады.


— Әр нәрсенің бір қайыры бар ғой. Еркін, енді имандылыққа келгеннен соң өмірге деген көзқарасыңызда өзгерістер пайда болды ма?


— Әлхамдулиллаһ, негізі әркімнің көзқарасы әртүрлі деп ойлаймын, жалпы исламға деген көзқарас бәрімізде бірдей болуы керек. Жалпы, барлығымыз да білеміз, өлім дәмін тататынымызды, бірақ көбіне сол ақиқатқа мойынсұнбаймыз, пендеміз ғой. Көзқарас өзгергені ол: бұл бес күннің — жалған екендігі, әрбір сәтіміздің осы жалған дүниеде маңызы бар екендігі, сол сәттерде бақилық өмірге азық жинай білу керектігін түсіне білу деп ойлаймын. Бір керемет сөз бар: «Төрт бұрышты қағазды қуып жүріп, төрткүл дүниені шарлағаныңмен, төртбұрышты табытқа кіретініңді ұмытпа» — деген.


— Машаллаһ! Егер ұғынар адам болса, өте жақсы мысал екен. Еркін, алғашқы намаз оқығандағы әсеріңізбен бөліссеңіз?


— Менен алдын намаз бастап, оқып жүрген бауырларым айтушы еді: «Еркін, сен жалған дүниеде көп рахатты сезініп жүргендей сезінесің, сен намазға жығылшы, сол бір намаздағы рахатты ешқандай бір рахатпен салыстыра алмайсың » — дейтін. Сонда мен көзіме елестете алмайтынмын, сезіне алмайтынмын. Қандай болады екен деуші едім. Қазір ең бірінші маңдайым сәждеген тигендегі рахатты мен сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ол бір салыстыруы жоқ сезім деп айтсақ болады. Ол нәрсені әр адам баласы сезінсе деп Аллаһтан тілеймін.


— Әмин! Аллаһ сол бір рахатты барлық жандардың сезінуін нәсіп етсін. Жақында Мекке қаласына, умраға барып қайттыңыз, сол жақтан алаған әсеріңіз жайлы айтсаңыз?


— Шыны керек барарда қорқыныш болды. Бірақ, әлхамдулиллаһ, Аллаһ жолымызды ашық етті. Әуелі Медина қаласына түстік. Екінің-біріне нәсіп бола бермейтін жерге барғаныма қатты қуандым, өзімді бақытты сезіндім. Содан Мекке қаласына бардық. Сезінген әрбір қуаныштың бағасы жоқ, деп айтар едім. Әрине бұл жақта да сезінесің ғой небір намаздағы рахаттарды, бірақ Меккеде мүлдем басқаша, ол жақта өзіңді Аллаһқа әлде қайда жақын сезінесің. Өте керемет. Әрбір адамның жүзіндегі шырайы, нұры және ешкім ешкімге қатты сөйлемейді. Қатты сөйлеу былай тұрсын, оғаш қөзбен қарау деген жоқ. Әрбір сәтін бос өткізгісі келмейді, құлшылығын жасап Аллаһтың разылығын алуға ұмтылады. Әрбір мүмин мұсылманға сол жаққа бару нәсіп болса екен деймін.


— Әмин! Еркін, жасыратыны жоқ, қазір елімізде әлі намаз оқуға ерте, жаспын, ойнап қалайын, қызық көріп қалайын деген жастар жетерлік. Сол жастарға не айтар едіңіз?


— Құлшылықты айтпас алдын айта кетейін, қартаюды Аллаһ бізге жазған ба екен? Соны ойласақ. Сол оқимын деп жүрген жасыңа дейін жете аласың ба? Маған Қуаныш деген бауырымның мықты бір айтқан сөзі бар еді. Құптан уақытында маған: «Жүр намазды осы кезден бастап кет!» — деді. Адамда сонда да сенімсіздік болып тұрады ғой Аллаһ кешірсін. Мен: «Жоқ, таң намазынан бастайыншы» — деп айттым, өз өзімді алдап. Сонда ол бауырым: «Таңға дейін өмір сүретініңе сенімің бар ғой деймін, Аллаһпен келісімге отырып қойғандайсың» — деп, күліп айтты. Сол айтпақшы кәрілікке жетуіміз былай тұрсын, бір сағаттан соң не болатынын білмейміз. Сондықтан да әрбір адам құлшылық етуге асықса нұр үстіне нұр болар еді.


— Қазіргі таңда асыл дініміз Исламда парыз болған ғибадаттарды орындамай, тіпті ол жайлы адамдардың мүлде ойланбауының себебі неде деп ойлайсыз?


— Жалпы жасы үлкен кісілер айтып жатады ғой: «Жамандық біткеннің бәрі, ауры біткеннің бәрі жер бетіне шыққан заман болды» — деп. Соның бәрі бекер емес деп ойлаймын. Мынау теледидардың өзін алсақ. Кейде қарап отырсаң, қасыңда ешкім болма са да өзіңнен-өзің ұялып кететін дүниелерді көрсетеді. Кейде компьютер клубына шаруалармен барып калсаң, қазақша айтқанда «бесіктен белі шықпаған» балалардың көріп отырғанын көрсең қорқасың. Өзіміз бала күнімізде телеарналарда соғыс киносы болып жатса, қорқынышпен, үреймен көруші едік, ал қазіргі жас балалар оны көрмек түгілі компьютерден үйренгендері мен телеарналардан көргенін өздері істейді. Содан соң, жалаңаштанған қыздар, мұның барлығы адамнын сана сезіміне әсер етпей қоймайтын дүниелер ғой. Адам баласы Аллаһтың хақ екенін сезіне білсе, бұйырған парыздары бар екенін түсінсе. Кейде естіп жатасың «Мен жаманшылық істемеймін, адам өлтіріп жатқан жоқпын, намаз оқитындай мен не істеп қойдым Аллаһтан кешірім сұрайтындай ?» — деп, ашулана қарайды, неге намаз оқымайсыз десек. Ол кісілер үшін намаз тек күнәсі бар адамдарға ғана парыз сияқты. Айтып жеткізе алмайсың. Намаз — ол қай адамның болмасын парызы. Соны айтып жатсақ та парыздың не екенін білмейтін жандар кездесіп жатады. Өкінішті. Барлығы Аллаһтың құзырындағы дүние екенін сезінсек, Аллаһтың бар екенін сезіне білудің өзі өте үлкен нығмет. Беремін десе де, аламын десе де барлығы Аллаһтың қолында, біз Оның құлымыз.
Намазға келмеген кісілерден өтініп сұрарым. Кейде: «Намаздасыз ба?» — деп сұраcақ: «Менің жұмысым қиын немесе тек таң намазын ғана оқып жүрмін, менің сабағым бар», — деп, адам иланарлықтай себептер айтып жатады. Сондай себепті айтпай-ақ қойсақ екен. Балиғатқа жасымыз жетіп, ақыл-есіміз дұрыс болса, намаз оқымауға ешбір себеп жоқ. Енді намазға бет бұрып жүрген жастарға әлгі себептер кері әсерін тигізеді. Жай ғана себеп айтпай-ақ қойсақ. Сол менің өтініп сұрарым.


— Ия, ондай себеппен өз-өзін алдайтын адамдарды Аллаһ азайтсын! Еркін, енді соңғы сұрағымыз болсын, Аллаһ тіршілік иесін жұбымен жаратқан ғой, Пайғамбарымыздың Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын: «Үйленіңдер, көбейіңдер...» — деген өсиеті бар. Сол өсиетті қашан орындайын деп жатырсыз және болашақ жарыңыздың бойында қандай қасиеттерлің болғанын қалар едіңіз?


— Берік, бұл сұрақ қазіргі таңда менің ойымда жүрген ең басты мәселелердің бірі деп айтсам болады. Үйлену әрине Пайғамбарымыздың Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын сүннеті. Аллаһ бұйыртса сол үйленуге деген, басымыздың екеу болуына деген ниетім зор. Әйелімнің ең бастысы иманды болуын қалар едім. Иманды әйел ертеңгі ұрпақтың да жақсы болып жетілуіне тікелей себепкер болатыны анық.


— Еркін, бізбен сұхбаттасқаныңызға Аллаһ разы болсын, ғибадат құлшылығыңызды қабыл етсін. Және де бізді тек осы сұхбатта ғана емес, ертең Аллаһ Жәннатта да жолықтырсын!


Сұхбаттасқан: Берік СҰЛТАНОВ



1737
Чтобы оставлять комментарии Вам необходимо войти или зарегистрироваться