Сообщества  >   Өнер адамдарымен болған сырлы сұхбат, әсерлі әңгіме!  >   "Жігіттер kv" Ердос Қанаев пен Бағлан Әбдірайымовпен болған сұхбат

"Жігіттер kv" Ердос Қанаев пен Бағлан Әбдірайымовпен болған сұхбат

rss Өнер адамдарымен болған сырлы сұхбат, әсерлі әңгіме! 19 сентября 2010
Argyn
 

 

— Жігіттер, имани әңгіме бастамас бұрын, алдымен өздеріңіз жайлы айтсаңыздар, қай жердің төл тумасысыздар?

— Ердос: Туылған жерім, Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар елді мекені. Сол жерде мектеп бітіріп, балғын балалық шағымды сол ауылда өткіздім.

— Бағлан: Мен де Оңтүстік Қазақстан облысында, Түлкібас ауданы, Ақсу-Жабағлы елді мекенінде 1983 жылы дүниеге келгенмін. Ата-анам, қарынастарым бар. Үйдің үлкенімін.

— Аллаһ тағаланың адам баласын жаратқандағы мақсаты тек қана өзіне құлшылық ету үшін ғана ғой. Аллаһқа шүкір, сіздер де құлшылықтарыңызды өтеп, иманның аясында жүрсіздер. Намаз оқығандарыңызға қанша уақыт болды сол жайлы айтсаңыздар?

— Ердос: Менің намаз оқығаныма көп те уақыт бола қойған жоқ. Осыдан екі жарым жыл бұрын күз мезгілінде намазға жығылдым. Сол кез әлі есімде, қасиетті жұма күні таң намазынан бастаған болатынмын. Адам баласын Аллаһ тағала әртүрлі жағдаймен дінге алып келеді ғой, Аллаһтың қалауымен Айдар бауырымыз діннен алыс емес еді, үйге үнемі уағыздар алып келетін, соның себебінен сосын Аллаһтың жүрегіме иман беруінің арқасында иманға келдім.

— Бағлан: Ердос айтып жатқандай Айдар діни әңгімелерді үйде қозғап, діні әндер жайлы, әртүрлі мысалдар айтып, Аллаһ тағаланың өзі де рас сөзі де рас екенін бізге жайлап насихаттай бастады. Жігіттердің барлығы исламға қарай бет бұрды, ал менде кедергі боларлықтай себеп болған жоқ, дегенмен мен Исламға қарай бет бұра алмадым. Жалпы «ниет амалдан да жоғары» — деп жатады ғой, шыны керек ниеттеніп жүрдім. Кейде жігіттердің маңдайлары сәждеге барып жатқан кезде, менде қатты қызығушылық болатын. Сөйтіп жүріп бір жылдан аса уақытты өткізіп алдым. Судың да сұрауы бар демекші, бүкіл әлем бос жатқан жоқ, күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің де есебі бар. Осылардың барлығын ақылыңа салып ойлансаң, намаз оқымауыңа амалың жоқ. Содан кейін Исламға ақырындап бет бұра бастадым.

— Ердос, Бағлан! Намазға жығылғалы бері бойларыңыздан қандай өзгерістер байқалуда?

-Ердос: Енді, намаз оқымай жүргенде, бірақ, намаз оқымай жүргенде деп айтудың өзі үлкен өкініш. Дін деген бізге көбінесе сабырлықты, көркем мінезділікті, адамды кешіре білуді, біреуге тек қана жақсылық жасауды үйретті.

— Бағлан: Үш төр өлең жолдарымен жеткізіп берсем бола ма осы бейнамаз жүрген кезімді?

— Әрине.

— Бағлан: Арман Бердалы деген қазаққа белгілі ақын жігіттің мынандай өлең шумақтары бар еді:
Бес мезгіл сәті бақыттың
Бағалап жатыр оны кім
Ысырап қылған уақыттың
Толтырам қайтіп орынын.
Күнәһар болу кімге оңай
Имансыз жаннан тән азды
Керіліп жатқан күндер ай
Елемей таңғы намазды.
Жабылар Жәннат есігі
Болмаса бөгет еш тыйым
Қаза боп кеткен Бесіні
Күндердің құны бес тыйын.
Сау басым дауға іліктің
Шашылмас жерде шашылдым
Асырсап босқа жүріппін
Уақытында асырдың.
Ертерек мұны білгенде
Құламас едім жыраға
Күн батып ақшам кіргенде
Мен батып жүрдім күнәға.
Білмеймін кімге қырсығып
Шайтанға жүрдім сыңар боп
Құптанда қылмай құлшылық
Қызыққа жүрдім құмар боп.
Нәпсімді ерте жеңбестен
Ойланбай жүрдім секіріп
Ораза айы келгенде
Тойғаннан жүрдім кекіріп» — деген.

— Машаллаһ, өте керемет екен. Ердос! Пайғамбарымыздың салаллаһу әләйһи уасаллам: «Үйленіңдер, көбейіңдер Қияметте сендердің көптіктеріңмен мақтаманым», — деген сөзіне амал етіп, отбасы болыпсыз. Алдыңызда Аллаһ жазсса әке атану деген бір үлкен бақыт тұр. Әке деген сіздің ойыңызша қандай болу керек?

— Ердос: Аллаһтың қалауымен отбасын құрдым, әйел адам да перзентте Аллаһтың алдында үлкен бір аманат. Өзінен кейін салихалы ұрпақ қалдыру, өмірден өткен кезде артыңнан дұға қылып тұратын перзент қалдыру, ер азаматтың үлкен бір арманы деп ойлаймын. Әкелік міндет ол — өз отбасын асырау, балаларға дұрыс тәрбие беру. Өйткені Аллаһтың алдында солар үшін ертең жауап береміз.

Бағлан! «Үйлену Пайғамбарымыздың сүннеті, зинадан сақтану мен ұрпақ өсірудің жолы», — деп жатамыз. Қашан үйленесіз және болашақ жарыңыздың қандай болуын қалайсыз?

— Бағлан: Аллаһ қаласа, биылдан қалмай отбасылы болсам ба деген ниетім бар. Жалпы, болашақ жарымның сабырлы, салмақты, ақылды болғанын қалар едім. Неге десеңіздер, қазақта жақсы сөз бар ғой: «Шаңырақтың түтеп тұрған түтінін ары қарай түзу түтететін әйел», — деген. Сол айтпақшы, отбасының дұрыс болуына септігін тигізетін, ұрпаққа жақсы тәрбие беретін салихалы жар керек.

— Жігіттер! Қазақ халқы ешқанан да арасын исламнан алыстатпаған халық қой. Оған дәлел ретінде бабаларымыздың сөздері. «Адам затты махаббатпен жаратты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» — деп Абай атамыз айтса, «Бір Аллаһқа сыйынып, кел балалар оқылық», — деп Ыбырай Алтынсарин айтқан. Бұхар жырау бабамыз: «Бес уақытта бес намаз, біреуі қаза қалмасқа» деп өнегелі өсиет айтқан. Сол өсиеттерді бүгінгі жастар қаншалықты орындап жүр дейсіздер?

— Ердос: Осыдан үш жыл бұрынғы кезді еске алсақ, намаз оқымайтын шақта біз мешітке тек қана Құран оқытуға ғана кіріп шығатынбыз. Сырттан ешқандай жамаған көрмейтінбіз. Ал қазір жұманың уақытында барсаңыз, іші түгілі сыртына да адам сыймай жатады, ол — бір жақсылықтың белгісі. Жастарымыз дініміздің асылдығын ұғынып, ақиқатта жүргендігі бізді қатты қуантады.

— «Әлі намаз оқуға ерте, ойнап күліп қалайын, өмір қызыған көруім керек» — деген жастар жетерлік. Сол жастарға не айтар едіңіздер?

— Ердос: Аллаһ тағала Құранда: «Мен адамдар мен жындарды өзіме құлшыдық етулері үшін ғана жараттым» — дейді. Әр нәрсенің өзінің бір мақсаты болады. Мысалы: қасықтың мақсаты, шәйді қозғау; көліктің мақсаты: бір жерден бір жерге жету. Сол сияқты адам баласының мақсаты ол – Аллаһқа құлшылық ету екен. Адам баласы қандай да бір жақсылық істесе ол өзі үшін. Өйткені Ақыретте шаңның тозыңындай жақсылық істесең соның пайдасын көресің. Бес уақыт намаз ол Жәннәтқа кірудің бір себебі. Ол себептен біз айырылмауымыз керек.

— Бағлан: «Күдіксіз намаз арсыздықтан тыяды» — дейді ғой Құранда. Адам Исламға бет бұрғаннан соң бірінші өзіңді тәрбиелеуге тырысасың. Адамдармен жақсы қарым-қатынас, көркем мінезділік өзімен-өзі қалыптаса береді екен. Арсыздықтан тыятын намазды оқуға біз әрқашан асығуымыз керек.

— Абай атамыздың: «Жаратушы тұрғанда, жаратылыстан не сұрайсың», — деген сөзі бар ғой. Біз бір ғана Аллаһтан сұрауымыз керек екені баршамызға аян. Бірақ, бүгінгі таңда жолымды болдырады деп әулие аралап, балгерлерге барып болашағын болжатып жүрген жандар да арамызда жетерлік. Сол жандарға не айтар едіңіздер.

— Ердос: Бұл әриен өте үлкен күнә. Әруақтан сұрау, қызыл жіп байлап жүру, бір аталардың басына түнеп, бала сұрау — бұлар асыл дініміз исламға жат қылықтар. Әрине мұның бәрі білімсіздіктен ғой. Адамның исламнан хабары болмағаннан соң, өзіне Аллаһты құдай қылмағаннан кейін, Аллаһ оларға барлық нәрсені құдайдай көрсетіп қояды. Аллаһ біреуге бала беріп сынаса, біреуді бала бермей сынап жатыр, ал оны көп адам түсінбей, Аллаһқа серік қосып, Аллаһтын ғана сұрау керек болған нәрсені әруақтардан сұрап жатады. Мен ойлаймын ол сабырсыздық. Әрине, иман болмаған жерде сабырлық қайдан болсын. «Пәлен жерде бір тәуіп бар екен, оқытылсаң алты айдан соң көтереді екенсің», — деп әркімнің нашар ойын естіп алып соны істеп жатады. Біз ойға ермеуіміз керек, біз шариғат жолымен ғана жүрсек ондай қателіктерге, яғни ширк күнәсіне ұрынбаймыз.

— Бағлан: Кей қазақтар мақалдарды бұрмалап алады. Мысалы: «Өлі байымай, тірі байымайды» — деген. Осыны басқа мақсатта бұрып алып адасып жатады. Біздің өмірден өтіп кеткен атамыздың болсын, әулиелердің болсын бастарына барып мал сойып, соларға жалбарынып жатады. Негізі біздің өлілерге тигізер пайдамыз ол – дұға етуіміз ғана.

— Ия, дұрыс айтасыздар, Аллаһтан қазақ жерінен ширк күнәсін алыстатсын деп сұраймыз. Жігіттер соңғы сұрағымыз болсын, уақытымыз да таяп қалды. Бүгінгі қазақ қыздарына көңілдеріңіз толады ма?

— Ердос: Қазіргі қоғамдағы қазақ қыздарына көңілім қатты толмайды. Алхамдулилләһ, жақсы қыздар да бар, Аллаһтың парызын орындап, хиджаб киген. Аллаһ оларға береке берсін. Бірақ, сонымен қоса жабынбай жүрген қыздар, кері кетушілік те көбеюде. Біздің қыздарда батысқа еліктеушілік өте көп. Киінген жалаңаштар деген хадиске тура келеді. Біз айтамыз: «Ата бабамыз жақсы болған, мұсылманшылыққа берік болған» — деп, ал қазір олардың ұрпағы қандай? Бұрынға жақсылардың ұрпағы бүгін осындай бола, ертеңгі ұрпағымыз қандай болады? Соны ойлануымыз керек. Ата-ана өз балаларына дұрыс тәрбие беруі шарт. «Қызға қырық үйден тыю», — дейді. Бұл сөзді ата-бабаларымыз бекерден-бекер айтып кеткен жоқ. Негізі қазақ мақалдарының көбісі шариғаттан алынған. Ертеңгі ана болатын — бүгінгі қыздар. Ұрпақты да тәрбиелейтін солар. Бүгінгі қыздарды әрине жаман дейміз, неге? Өйткені оларға жақсы тәрбие беретін ата-аналар азайды. Егер ата-ана шариғи жолмен тәрбиелесе, онда жас жақсы болып, қоғамға да өз пайдасын тигізері сөзсіз.

— Бағлан: Негізі қыздарды да кінәләй берудің қажеті жоқ. Өйткені, білместіктен болады ғой көп нәрсе. Егер, қыздардың жүрегінде иманы болатын болса, онда ашық киінуге, жаман іс әрекетке бармайды. Жаңағы ашық киінетін қыздарға кінәлі ата-ана, әсіресе әкелері дер едім. Әкелері: «Әй» десе, «әке ұрсып жатыр-ау», — деп, әке сөзін елеу, құрметтеу қазір жоқ. Мысалға бұрындары бір ауылды бір ауыз сөзбен тоқтататын кісілер болғаны баршаға аян. Ал қазір бір ауыл түгілі, бір әйел, бір баласына сөзі өтпейтін, қасиетін жоғалтқан өкінішке орай әкелер бар. Әрие иман жоқтың салдарынан ғой.

— Ердос: Егер әке иманды болса, ана иманды болса, онда өскелең ұрпақ та иманды болар еді деп ойлаймын. Аллаһ сол бақытқа бізді жеткізсін.

— Жігіттер, уақыттарыңызды бөліп бізбен сұхбаттасқандарыңызға Аллаһ разы болсын. Ғибадаттарыңызды қабыл етіп, бақытты ғұмыр кешулеріңізді нәсіп етсін.

Сұхбаттасқан: Берік СҰЛТАНОВ



600
Чтобы оставлять комментарии Вам необходимо войти или зарегистрироваться